Әлеумет

Салауаттылық сапары

КСРО-ның демі үзілер шақта жан-жақтағы шекаралар толық ашылып, шет жұрттың біз ұнатпайтын тұрмыс нормасы алшаңдай басып, кіріп келді. Қонақ ретінде сыпайысып енген жоқ, қожайын тәрізді өңмеңдеп кірді. Ата-бабаларымыз қауіп еткен жат тіршілік жағамыздан алды. Сары жағал басылымдар мен тежеусіз теледидарлар кәдуілгі адамгершіліктен алыстатар дүниелерді еріксіз тықпалауға кірісіп кетті.

Әрине, абырой мен ардың, кісілік пен кішіліктің қадірін бек түсінетін аға буын ашына сөйледі. Түрлі қоғамдық ұйымдар адасуға бет алған ұрпақты ақылға шақырды. Рас, қазір өткен ғасырдың сексенінші жылдары мен тоқсаныншы жылдарының бас кезіндегі дүрмектің екпіні бәсеңсіді. Әйтсе де кенеттен тап болған «науқастан» құлан-таза жазылып кете қойғанымыз жоқ.

Ақтөбе қаласында сол жылдары дүниеге келген, міне, он бес жасқа толып отырған «Ақжол» қоғамдық рухани-мәдени салауатты өмір орталығы жоғарыда айтылған келеңсіздіктерден арылтудың жолын ұстанған ұйымдардың бірі еді. Біз осы қоғамдық қызметтің тізгінін жиырма жылдан бері ұстап келе жатқан орталық басшысы Зәуреш Жолмағанбетқызымен әңгімелестік.

– Ең алдымен айтарым, «Ақжол» қоғамдық салауатты өмір орталығының негізгі, түбегейлі мақсаттарының бірі –  әрісі ғасырымыздың, берісі қоғамымыздың, ортамыздың қасіретті дерті, трагедиясы – нашақорлыққа, маскүнемдікке, шылым шегуге қарсы күрес.

Біздің қоғамымыздың негізгі идеологиясы – салауатты өмір салты идеологиясы, яғни рухани тазару бағыты.

Енді бұл істің бастауында қандай шаруалар тұрғанын айтайын.

Менің әу баста екі иманды қадам жасағанымды жұртшылық жақсы біледі. 1990-1995 жылдар аралығында екі бірдей тарихи маңызы бар құрылыстарға басшылық еттім. Оның біріншісі – Темір қаласындағы 100 жылдық тарихы бар Ахмет халфе әулие мешітін қайта өңдеп, жөндеу, қалпына келтіру жұмысына ат салысып, басшылық еттім. Екінші ісім – 1937 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласы жанындағы Сұлусай деген жерде ұсталып, 1940 жылы атылған Ахмет халфе әулиенің және ол кісімен бірге атылған 9 жолдасының басына кесене тұрғызып, мазар көтеріп, ескерткіш-тақта орнатуды жүзеге асырдым.

«Ақжол» қоғамдық рухани-мәдени салауатты өмір салты орталығы, міне, осы екі құрылыс біткен соң дүниеге келді.

Біздің қоғамның мүшелері қандай адамдар?

Біздің қоғамның мүшелері мына өмірде арақсыз да, темекісіз де, есірткісіз де өмір сүруге болатынын дәлелдеп, нақты өмірде осы шартты іске асырып жүргендер.

Былайша айтқанда, «Ақжол» – салауатты өмір сүретін, өркениетке қызмет ететін, шынайы замануи орталық.

Басты шартымыз – арақ ішпеу, темекі тартпау. Арақ, темекі, есірткіден құтылып, рухани тазарған әрбір адамның жаны жақсылыққа ұмтылады, көкірек көзі ашылады. Аллаға беті бұрылады. Аллаға шын жүректен сенетін адам ешбір жаманшылыққа бармайды. Ақжолдықтардың басқалардан айырмашылығы сол, арақ, сыра ішпейді, темекі тартпайды, есірткіге жоламайды, керісінше, мәдениетке, рухани тазалыққа ат салысады. Салауатты өмір салтына қадам басқан ұрпақ, ой-санасы тазарған ұрпақ өз Отанына, еліне, туған жеріне, ел экономикасының дамуына адал, әділ қызмет ете алады. 200-ден астам шаңырақтың мүшелері «Ақжолдың» шартын ұстап, сол шаңырақтарын әлгі дерттерден аман сақтап отырғанына бек қуанамын.

Ақжолдықтар жылына бір рет тегін жолдамамен демалады. Осы жылдар ішінде, қоғамның жанынан 200-ден астам арақ-шарапсыз салауатты тойлар өткізілді. Өз ортамызда осы тақырыптарға байланысты лекциялар оқылып, конференциялар өтеді.

Біздің қоғамның баса назар аударып отырған мәселелеренің бірі – жас бүлдіршіндерге деген қамқорлық. Өзімізді «Ақжол» орталығы орналасқан ауладан «Жас бүлдіршіндер үшін» ойын қалашығын жасақтадық. Бұл жерде жас сәбилер ата-аналарымен бірге демалады, еркін ойнайды.

Тағы бір қолға алған ісіміз – айналаны көгалдандыру. Аулаға қоғам мүшелері 100-ден аса әр түрлі ағаштар отырғызды. Әсіресе, әдемі шыршаларды қызықтап көрудің өзі бір ғанибет. Біздің «Ақжолдың» айналасы толған тал, құлпырған гүл.

Сонымен қатар, «Ақжол» қоғамы көптеген мектептердің ішкі жөндеу жұмыстарына көмек қолын ұсынып келеді. Құлап қалған Темір қазақ орта мектебінің орнын үйілген қоқыстан тазартқан да  – осы «Ақжол».

Жыл сайын әр түрлі мектептердегі жағдайы нашар отбасыларға киім-кешек жөнінен көмектесіп келеміз. Осы арада айта кеткенім мақұл, қоғам арқылы ауылдан келген біршама жастарды оқытып, лицензия әперіп, оларды әр түрлі жұмыстарға орналастырдық. Көптеген жастардың жатақханаға орналасуына, үйлі-күйлі болуына жәрдем еттік.

Біз Елбасымыздың ауылды көркейту жөніндегі үндеуіне де алғашқылардың бірі болып үн қостық. Темір мешітіне газ кіргізіп, жаңаша жылу жүргіздік. Оған қоса, дуал қоршау жасап, ауласына жарық кіргіздік. Мешіттің коммуналдық төлемін күні кешеге дейін төлеп келгеніміз де рас.

«Ақжол» қоғамы жыл сайын 9 мамыр күні соғыс ардагерлерін құрметтеп, сый-сияпаттар, сыйлықтар ұсынады. Алғаш ашылған кезінде Темір аудандық мұрағатына да демеушілік жасадық.

Сондай-ақ Темір қаласының шахматшыларына жәрдем беріп, шахмат класын ашып бердік.

Қоғамның мәдени жұмыстарын ерлі-зайыпты Әліби пен Захида Байзуллаевтар жүргізеді. Қоғамның жанынан құрылған «Ақжол» ансамблі ұзақ жылдардан бері жұмыс жасап келеді. Алматыдағы «Мұзарт» студиясынан «Ақжол» қоғамының көмегімен 16 ән жазылды. Сонымен қатар өнер жұлдыздарын, өлең-жырға талабы бар жандарды да қолдап келеміз. Ақтөбедегі «Нұр-Ай» тобының жас өнерпаздарын қолтығынан демедік.

Тізбелей берсем, біздің қоғам атқарған жұмыстар өте көп. Бұл жолы, қоғамымыздың атаулы датасын атап өтер тұста, солардың ең бастыларын ғана тілге тиек етіп отырмын.

«Ақжол» орталығы осындай іс-шараларын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

А.АБЫЛАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button